Шығысқазақстандық кәсіпкер жас мамандарға үй салып берді

1 Қаңтар 2019, 11:58
2370
Бөлісу:
Шығысқазақстандық кәсіпкер жас мамандарға үй салып берді
Фото: Scs.edu.au

ШҚО, baq.kz. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында жергілікті кәсіпкер 60 пәтерлі тұрғын үй салып, жас мамандарды баспанамен қамтыды. Бұл туралы «Хабар 24» арнасы хабарлады. 

Мақсат – шалғай елді мекендерге білікті мамандарды тарту. Келісім шарт бойынша іскер жастар осы мекемеде 5 жыл еңбек етуі тиіс. Ал пәтерді ешқандай несиесіз бөліп төлей алады. 
60 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің шалғай ауданда орналасқаны болмаса, тұрмысқа жайлылығы жағынан Алматы мен Астана қалаларынан кем емес. Жылу, ыстық су, газ сияқты өркениет игіліктерін айтпағанның өзінде тұрғындар үшін заманауи автотұрақ та қарастырылған. Алдағы жазда есік алдынан балалар ойын алаңын салу да жоспарда бар. 

"Жас мамандар осында келіп еңбек етіп, елге пайдасын тигізсе дейміз. Қазір 10 жас отбасы осы жаңа үйден баспанамен қамтылды. Пәтерлер кең, жарық. Ең бастысы - ешқандай банкке барып, ипотека рәсімдемейді. Еңбекақысынан біртіндеп төлеп, баспана өз меншігіне өтеді" - дейді мекеме прорабы Александр Ковальков.

Ал тұрғындар Амангелді ақсақалды үй басқарушысы етіп сайлап алыпты. Ол енді ортақ мүдделерге жұмыс істейді. 

"КСК-нің 2 жылға дейінгі шығындарын мекеме өзі төлейтін болды, өзі атқарады. Егерде кемшіліктері бола ма, өздері толтырады, өздері істейді. Біз тек қана әзірге ұйымдастыру жұмыстары, ауладағы тазалық, тәртіп, арамызда сұрақтар болып жатса, барлығымыз жүгірмей біреуіміздің барып жинақталған сұрақтарды айтып, мәселелерді шешу үшін" - дейді Амангелді Кемелбаев. 

Болат Нұрасыловты Зайсанда барлығы құрметтейді. Іскерлігі өз алдына, адамгершілігі мен қарапайымдылығы үшін. Кәсіпкер алдағы жазда 50 пәтерлік тағы бір баспана салуды жоспарлап отыр. Оның мекемесінде 300-ге тарта адам еңбек етеді. Іскер азамат барлығының әлеуметтік мәселелерін назардан тыс қалдырған емес. 

"Халыққа қызмет жасап отырған кәсіпкерлеріміз қазір 3 мыңнан асып отыр. Ол ауданымыздың салық саласын да үлкен ықпал етіп отыр. Қазір ауданымыздың салығының 70% осы шағын және орта бизнес арқылы түсіп отыр деуге болады" - дейді Зайсан ауданы әкімі Темірбек Қасымжанов. 

Аудан кәсіпкерлері мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында 6 балабақша салыпты. Туризм, ауыл шаруашылығын дамытуға да үлес қосып жатқандар да аз емес. Ең бастысы - ел ішінде береке мен бірлік бар.
 

Өзгелердің жаңалығы